Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай атындағы кітапхана «Ұлт көсемі - Әлихан» тақырыбында 8 бөлімнен тұратын виртуалды көрмені ұсынып отыр.
  Кітапхана қорындағы Алаштың аяулы да ардақты перзенті - Әлихан Бөкейханның шығармаларын және оның өнегелі өмірі мен қайраткерлік болмысы, еліміздің тәуелсіздігі жолындағы атқарған ерен еңбегі мен саяси салиқалы ой-тұжырымдары жайлы кітапхана қорындағы материалдарды Ғаламтор пайдаланушыларына ұсыну, жалпы Бөкейханның шығармашылығына қызығушылық танытқан пайдаланушылардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыру, бүгінгі жас ұрпақты отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу мақсатында дайындалған «Ұлт көсемі - Әлихан» тақырыбындағы виртуалды көрме материалдары пайдаланушы қауымға үлкен көмек болады деген ойдамыз.
  Виртуалды көрме кітапхананың сирек қорында сақталған Ә.Бөкейханның өз қаламынан туған төл туындылары мен ол жайлы мәлімет берер дерек көздер, өмірі мен шығармашылығына арналған басылымдармен, мультимедиялық туындылармен таныстырады. Жалпы көрме кітапхана қорында сақталған мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген 20-дан аса мақаланың толық мәтінін және Ә.Бөкейханға арналған арнау өлеңдерді, қайраткердің түрлі фотосуреттері мен ол туралы бейнежазбаларды ұсынады.
   Пайдаланушыларға Ә.Бөкейхан шығармашылығын кеңінен таныстыруда көрменің «Ұлт көсемі» бөлімі біренше бөлімшелерге бөлініп, қажетті ақпараттар топтастырылды. Осы бөлімнен орын алған Ә.Бөкейханның өмірбаяны, өмірдеректері мен қанатты сөздері, ол туралы дәйексөздер, арнау өлеңдер және елді мекендер мен түрлі мекемелер, ескерткіштер туралы мәліметтер пайдаланушылар үшін қажетті ақпараттар болатыны сөзсіз.
  Сондай-ақ, «Арнаулар» бөлімшесіне Семей қаласындағы ақындар Қ.Сабырбайдың, Б.Ахмердің, Р.Кеңесханның Алаш арыстары мен Ә.Бөкейханға арнаған өлеңдері орналастырылды.
  Көрменің «Саяси қызметі» бөлімінен пайдаланушы ғалым саяси қайраткердің өмірі, саяси қызметіне және шығармашылығына байланысты материалдармен таныса алады. 1989 жылы 14 мамырда КСРО Жоғары сотының қаулысымен әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан Ә.Бөкейхан есімі ақталғаннан кейін 1990 жылдардан бастап мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген, бүгінде кітапхананың қорында сақталған 17 мақаланың толық мәтіні орналастырылды.
  Көрменің «Ғалым мұрасы» бөлімі кітапхананың сирек қорында сақталған Әлихан Бөкейхан авторлар қатарында бар әйгілі Брокгауз-Эфрон сөздігінің жаңа басылымы және оның қатысуымен жарық көрген көп томды «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» кітабының 18 томы ғылыми еңбектерімен таныстырады. Ә.Бөкейханның «Императорлық Орыс Географиялық Қоғамының Батыс-Сібір Бөлімінің Семей Бөлімшесінің Запискилерінің» 1905 жылғы II басылымдарында және 1907 жылғы III басылымында жария көрген 3 ғылыми еңбегі күні бүгінге дейін кітапханамыздың сирек қорында сақталған. Үлкен Орда сұлтаны Сүйік Абылайхановқа қатысты және Ақмола уезі, Қоржынкөл болысына қарасты Слеті өзені бойындағы обалар жайында жазған ғылыми еңбектері мен Абай дүние салғаннан кейін Абай шығармашылығын жұртшылыққа таныстыру мақсатында жазған қазанамасысының толық мәтінін осы бөлімнің «Сирек құжаттарда» бөлімшесінен өздерінің тасымалдағыш құралдарына жазып алу арқылы оқи алады.
  Көрменің «Ғұмырнама» бөлімінің «Кітаптар» бөлімшесі кітапхана қорындағы Ә.Бөкейханов туралы жазылған кітаптардың мазмұнымен таныстырады. «Мақалалар» бөлімшесі қайраткердің мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген ғұмырнамалық еңбегінің толық мәтінін ұсынады.
  Оқырман қауым көрменің «Қаламгер мақалалары» бөлімшесінен қайраткердің өз қаламынан туындаған газет беттеріндегі 3 мақаласының толық мәтінін оқи алады. Қыр баласы деген атпен «Қазақ» газетінің бетінде 1913-1914 жылдары жарық көрген, кейіннен Ақиқат, Шәкәрім журналдарының бетінде қайта басылған қаламгердің өзінің мақалаларымен таныса алады.
  Пайдаланушылар көрменің «Бейнематериал» бөлімінен кітапхана қызметкерлерінің Ә.Бөкейхановтың қоғамдық қызметі жайлы өлкемізге танымал тұлғалар абайтанушы, қаламгер, әдебиет және өнер зерттеуші, «Құрмет» орденінің иегері Т.С.Ибрагимов, тарихшы-ғалым, өлкетанушы, этнограф М.Мұхамедиұлы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент М.Каримов, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, мәдениеттанушы, ақын, сазгер Қ.Нұрқасым, алаштанушы М.Кенемолдин сынды ел ағаларынан арнайы жазып алған естелік сұхбатты тыңдап, мол мағлұматтар ала алады. Сондай-ақ, осы бөлімге Ә.Бөкейхановтың замандастарымен, алаш ақиықтарымен түскен фотосуреттері орналастырылды.
  «Сілтемелер» бөлімінде Интернет желісіндегі материалдарға сілтеме жасау арқылы қалаған материалдарын пайдаланушылар тез тауып алуына мүмкіншілік жасалған. Пайдаланушылар көрменің «Библиография» бөлімінен кітапхана қорындағы басылымдардың библиографиялық тізімімен танысып, қажетті басылымдардың толық мәтінін кітапхана қорынан таба алады.
  «Ұлт көсемі - Әлихан» тақырыбындағы виртуалды көрме Ғаламтор пайдаланушы қауымға жол тартып отыр. Ә.Бөкейханның шығармашылығына қызығушылық танытқан пайдаланушыларға қажетті ақпараттар іздеуде көмекші бола алады деген ойдамыз. Егер Сізге виртуалды көрме материалдары ұнаса, ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңіз болса хабарласуларыңызды өтінеміз. Бұл Сіз бен біздің Әлихан Бөкейхан шығармашылығын жас ұрпаққа танытуда қосар үлесіміз болмақ. Көрме қоры алдағы уақытта үнемі толықтырылып отырады. Телефон шалыңыз, хат жазыңыз, кітапханаға келіңіз. Сіздердің пікірлеріңіз біз үшін маңызды.

Байланыс телефоны: 8 (7222) 52 01 44
Веб-сайт:Semeylib.kz
Е-mail: semeybib@yandex.kz